• Хат жазыңыз:Email: ko_kazguu@mail.ru
  • Мекен-жай:Қызылорда қаласы, Қонаев 17
  • Телефон:+7 (7242) 277527
Blog Detail Image
  • 03.10.2026
  • 53

БІЛІМ БЕРУДЕГІ ЖАҢА ТӘСІЛДЕР: ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ КӘСІБИ ДАМУ

Халықаралық “ORDA” жоғары колледжінде «Білім берудегі жаңа тәсілдер: тәжірибе және кәсіби даму» тақырыбында “Senior Expert Service” сарапшыларымен мазмұнды пресс-конференция өтті.
Пресс-конференция халықаралық кәсіби тәжірибені білім беру үдерісімен ұштастыру, «Тігін өндірісі» мамандығы бойынша білім алушылардың кәсіби құзыреттерін жетілдіру, заманауи өндірістік технологиялар мен цифрлық құралдарды оқу процесіне енгізу мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
Пресс-конференцияға колледж директоры Сейітжанов Алайдар Сануарұлы, қаржы директоры Алпамысова Зағипа Басықарақызы, оқу-әдістемелік бөлім өкілдері, педагогтер, студенттер, БАҚ өкілдері, Senior Expert Service сарапшылары және Қызылорда облыстық оқу орталығының кәсіптік білім беру бөлімінің меңгерушісі Муслимова Бибайша Кидирхожаевна қатысты.
Кездесу барысында Senior Expert Service өкілі Тулепова Мадина және модельер-конструктор, дизайнер Ирина Копэтцка халықаралық кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, заманауи тігін өндірісінің даму бағыттары туралы маңызды пікірлерін ортаға салды.
Пресс-конференцияның негізгі өзегі колледждегі «Тігін өндірісі» мамандығымен тікелей байланысты мәселелерге арналды. Атап айтқанда, қазіргі тігін өндірісінде қолданылатын жаңа технологиялар мен заманауи жабдықтар, жұмыс берушілер тарапынан мамандарға қойылатын кәсіби талаптар, теориялық білімді нақты өндірістік тәжірибемен ұштастыру жолдары талқыланды.
Сондай-ақ тігін өндірісіндегі цифрлық технологиялардың рөліне ерекше назар аударылды. CAD-жүйелерін пайдалану, цифрлық лекало жасау, автоматтандырылған жобалау технологияларының мүмкіндіктері және олардың болашақ мамандарды даярлау үдерісіндегі маңызы сөз болды.
Колледж оқытушысы Маликова Жансая Бақытбековна заманауи киім өндірісінде цифрлық жобалау мен автоматтандырылған технологияларды қолданудың практикалық мүмкіндіктеріне тоқталып, оқу үдерісінде өндірістік технологияларды меңгертудің өзектілігін атап өтті.
Кездесу барысында студенттердің шығармашылық қабілетін дамыту мен заманауи өндірістік технологияларды меңгертудің арасындағы тиімді тепе-теңдікті сақтау, Еуропа елдеріндегі тігін өндірісі мамандарын даярлау тәжірибесін Қазақстанның кәсіптік білім беру жүйесіне бейімдеу мәселелері де қарастырылды.
Сонымен қатар материалтанудың болашақ маман үшін маңызы, экологиялық және инновациялық маталарды таңдау талаптары, сән индустриясындағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктері талқыланды.
Пресс-конференцияның сұрақ-жауап бөлімінде студенттер мен БАҚ өкілдері сарапшыларға кәсіби болашақ, еңбек нарығының талаптары, жасанды интеллектінің сән және тігін өндірісіне ықпалы, ұлттық нақыш пен заманауи сәнді үйлестіру, сондай-ақ студенттердің дизайнерлік идеяларын нақты өнімге айналдыру мүмкіндіктері жөнінде өз сауалдарын қойды.
Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесу халықаралық сарапшылардың тәжірибесін тыңдап қана қоймай, оны колледждің нақты оқу үдерісімен байланыстыруға мүмкіндік берді.