БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕРГЕ КӘСІБИ БАҒДАР БЕРІЛДІ
Халықаралық «ORDA» жоғары колледжінде колледж директорының кәсіптік оқыту жұмыстары жөніндегі орынбасары А.Е. Бекенованың ұйымдастыруымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А.Балаеваның «Мектеп – колледж – ЖОО» сабақтастық жобасы аясында 2026–2027 оқу жылына арналған кәсіби бағдар беру кездесуі өткізілді.
Кездесуге арнайы қонақ ретінде Қорқыт ата атындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті “Рекрутинг және мансап” басқармасының әдіскері Арыстанбек Абай Русланұлы және “Болашақ” университеті қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ескуниева Маржан Ерғанатқызы қатысып, талапкерлерге жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктері мен білім беру бағдарламалары жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Іс-шара барысында оқу орындарының материалдық-техникалық базасы, білім беру бағыттары, студенттерге ұсынылатын мүмкіндіктер мен халықаралық байланыстары қамтылған бейнероликтер көрсетілді. Сонымен қатар талапкерлерге грант негізінде білім алу, құжат тапсыру кезеңдері, қабылдау талаптары, білім беру бағдарламаларының ерекшеліктері және студенттік өмір туралы толыққанды түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ жастардың мотивациясын арттыруға, өз мүмкіндіктерін бағамдап, болашаққа нақты мақсат қоя білуіне бағытталған маңызды пікір алмасулар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар кездесуге Отбасы банк қызметкерлері қатысып, 18 жасқа толған студенттердің есепшоттарындағы жинақ қаражаттарын ақылы негізде білім алуға бағыттау мүмкіндіктері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл ақпарат бітіруші түлектер мен олардың ата-аналары үшін маңызды қолдау тетіктерінің бірі ретінде ұсынылды.
Шара соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Ашық форматта өткен кездесу жастардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауға, кәсіби бағыттарын айқындауға және жоғары білім алу мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет алуға зор мүмкіндік берді.
