«WORLDSKILLS KYZYLORDA – 2026» ОБЛЫСТЫҚ ІРІКТЕУ ЧЕМПИОНАТЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
2026 жылдың 12–13 мамыр күндері аралығында өткізілетін «WORLDSKILLS KYZYLORDA – 2026» чемпионатының облыстық іріктеу кезеңі аясында Халықаралық «ORDA» жоғары колледжі келесі құзыреттіліктер бойынша өз жұмысын бастады:
Желілік және жүйелік әкімшілендіру
Графикалық дизайн
Веб-дизайн және дамыту
Электроника
Бизнеске арналған IT шешімдер
Мобильді робототехника
Ауқымды кәсіби дода 2 күн көлемінде ұйымдастырылып, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы үздік студенттердің білімі мен тәжірибелік шеберлігін шыңдауға бағытталған.
Чемпионаттың басты бағыты – жас мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, заманауи IT технологияларын кеңінен насихаттау, халықаралық талаптарға сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлау және талантты жастарға қолдау көрсету.
Аталған чемпионатқа облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қатысып, өздерінің теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын жоғары деңгейде көрсетуде. Қатысушыларға ұсынылған тапсырмалар халықаралық WorldSkills стандарттарына сәйкес әзірленіп, тәуелсіз сарапшылар тарапынан әділ бағалануда.
Чемпионат барысында қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қажетті материалдық-техникалық базамен жабдықтау және жұмыс алаңдарының сапалы ұйымдастырылуына ерекше назар аударылған.
Бұл чемпионат – жастардың кәсіби дамуына серпін беретін, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды қалыптастыратын маңызды алаң. Облыстық кезең жеңімпаздары алдағы республикалық «WorldSkills Kazakhstan – 2026» чемпионатында өңір намысын қорғау мүмкіндігіне ие болады.
Халықаралық «ORDA» жоғары колледжінің қатысушыларына сәттілік пен жоғары нәтиже тілейміз!
