ЗАҢҒАР ЗАҢГЕР – САЛЫҚ ЗИМАНОВ
2 сәуір күні Әбілда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Халықаралық «ORDA» жоғары колледжімен бірлесіп, қазақ заң ғылымының көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Салық Зимановтың туғанына 105 жыл толуына орай «Заңғар заңгер – Салық Зиманов» атты танымдық кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді.
Кеш барысында қазақ құқық ғылымының негізін қалаушылардың бірі саналатын тұлғаның өмір жолы, ғылыми мұрасы және ұлттық заңнаманың қалыптасуына қосқан өлшеусіз үлесі кеңінен насихатталды. Ғалымның мемлекет құрылымы, құқықтық жүйе және Қазақстандағы конституциялық даму бағытындағы іргелі еңбектері – бүгінгі құқық саласының дамуына негіз болған маңызды мұра екені атап өтілді.
Іс-шараға Халықаралық «ORDA» жоғары колледжінің құқықтану пәнінің оқытушылары, педагог-зерттеушілер, заңтану магистрлері Жусупова Бота Мәлікқызы, Кемелбеков Мұрат Есенбайұлы, Аралбаева Анар Сейдуллақызы, Елимбетова Лейла Жақсылыққызы және колледж студенттері белсенді қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Кеш аясында қатысушыларға ғалымның өнегелі өмір жолы мен ғылыми ізденістерінің маңызы терең түсіндіріліп, оның еңбектері арқылы жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, елжандылық қасиеттерін қалыптастыру және қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейту мәселелері кеңінен қозғалды.
Сонымен қатар, оқырмандар назарына ұсынылған «Заң ғылымының алыбы» атты кітап көрмесі арқылы Салық Зимановтың ғылыми еңбектері мен құқық саласындағы құнды зерттеулері көпшілікке таныстырылып, ерекше қызығушылық тудырды.
Аталған танымдық кеш – өскелең ұрпаққа құқықтық білім мен тәрбие берудің, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің және елге адал қызмет ететін саналы азамат қалыптастырудың ұйытқысы болды.
