КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІ СТУДЕНТТЕРДІҢ ӨНДІРІСТІК ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ



Халықаралық салалық аккредитация аясында комиссия мүшелері Халықаралық «ORDA» жоғары колледжінің серіктес практика базаларына арнайы барып, студенттердің өндірістік тәжірибеден өту үдерісімен жан-жақты танысты. Бұл сапар барысында білім алушылардың теориялық білімін нақты кәсіби ортада қалай қолданатыны, практикалық дағдыларды меңгеру деңгейі және еңбек нарығына бейімделуі кешенді түрде қарастырылды.
Комиссия мүшелері «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және инновациялық академиясында студенттердің білім беру, шығармашылық жобалар әзірлеу және инновациялық бастамаларға қатысу барысымен танысты. Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынов атындағы №211 орта мектеп пен ORDA SCHOOL мектебінде болашақ мамандардың педагогикалық, цифрлық және ұйымдастырушылық тәжірибені қалай игеріп жатқанын бақылап, оқу үдерісінің практикамен тиімді ұштасуын атап өтті.
Сондай-ақ IT PARK ұйымындағы тәжірибе жұмыстарына ерекше назар аударылып, студенттердің ІТ жобаларға қатысуы, бағдарламалау, цифрлық шешімдер әзірлеу және командалық жұмыс дағдылары жоғары бағаланды. Практика базаларында ұсынылған жұмыстар білім алушылардың кәсіби жауапкершілігін, дербес ойлау қабілетін және заманауи талаптарға сай бейімделу деңгейін айқын көрсетті.
Комиссия мүшелері колледж бен практика базалары арасындағы тығыз әріптестік байланыс студенттердің сапалы білім алып, нақты өндірістік тәжірибе жинақтауына кең мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл өз кезегінде Халықаралық «ORDA» жоғары колледжінің білім беру жүйесінің тиімділігін, тәжірибеге бағытталған оқытудың нәтижелілігін және бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудағы тұрақты дамуын айғақтайды.
