• Хат жазыңыз:Email: ko_kazguu@mail.ru
  • Мекен-жай:Қызылорда қаласы, Қонаев 17
  • Телефон:+7 (7242) 277527
Blog Detail Image
  • 17.12.2025
  • 39

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ ИНТЕГРАЦИЯСЫ

Халықаралық «ORDA» жоғары колледжінде ұлттық білім беру жүйесін әлемдік тәжірибемен ұштастырған, мазмұны мен маңызы терең «Халықаралық білім интеграциясы» атты салтанатты шара өтті. Аталған рәсім білім беру сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жолындағы колледж ұжымының жүйелі еңбегінің нақты нәтижесін көрсетті.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы аясында техникалық және кәсіптік білім беруді интернационалдандыру, шетелдік серіктестермен бірлескен бағдарламаларды дамыту, кадр даярлау сапасын жаңа деңгейге көтеру бағытындағы стратегиялық қадамдар кеңінен атап өтілді.
Осы бағыттағы маңызды жетістіктің бірі – колледждің «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» білім беру бағдарламасы бойынша Англияның кәсіби біліктіліктер беретін жаһандық City & Guilds компаниясынан ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЛАЛЫҚ АККРЕДИТТЕУДЕН СӘТТІ ӨТУІ. Бұл – оқу бағдарламаларының мазмұны, материалдық-техникалық база мен кадрлық әлеуеттің халықаралық талаптарға толық сай екенінің айқын дәлелі.
Сонымен қатар, цифрлық трансформация мен жаһандық еңбек нарығының сұранысына бейімделу мақсатында колледж ІТ саласы бойынша Оңтүстік Кореяның ABEEK (Accreditation Board for Engineering Education of Korea) аккредитация агенттігі арқылы салалық аккредиттеу үдерісін жүзеге асыруда.
Салтанатты жиынға білім беру мен қоғам саласының беделді өкілдері қатысты. Атап айтқанда, City & Guilds ұйымының өкілі, «APEC TRAINING CENTER» ЖШС директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Варавина Виктория Георгиевна, оқу-әдістемелік бөлімнің әдіскер-үйлестірушісі Әміржан Еркежан Тілегенқызы, ABEEK аккредитация агенттігінің сараптамалық комиссия төрағасы, Кореяның Хонгик университетінің профессоры KIM JUNG SOO, комиссия эксперттері WOO HO JIN, OH HYUNG-CHUN, ABEEK бағалау комиссиясының хатшысы AN HYORYONG, сондай-ақ өңірлік білім, кәсіпкерлік және халықаралық ынтымақтастық саласының өкілдері қатысты.
Рәсім барысында халықаралық салалық аккредиттеу сертификаты ресми түрде табысталып, аккредитациялау процесінің фото-бейнематериалдары ұсынылды. Қонақтар тарапынан колледж ұжымының кәсібилігіне, ашықтығына және сапаға деген жауапкершілігіне жоғары баға берілді.
Шара аясында Қызылорда облысының білім басқармасы, кәсіпкерлер палатасы, Кәрістер қауымдастығы, халықаралық білім беру орталықтары өкілдері құттықтау лебіздерін білдіріп, халықаралық серіктестіктің болашағына сенім артты.
Салтанатты кештің қорытынды сөзі мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, саяси ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық «ORDA» жоғары колледжі мен «ORDA school» негізін қалаушы Мұрат Бақтиярұлына берілді. Ол өз сөзінде халықаралық аккредиттеу – тек мәртебе емес, болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды қадам екенін атап өтті.
Рәсім соңы ұлттық және заманауи өнермен үйлескен мәдени бағдарламаға ұласып, қазақ және корей халықтарының биі мен әсем әуендері ұсынылды.
Аталған шара Халықаралық «ORDA» жоғары колледжінің халықаралық білім кеңістігіндегі орны нығайып, сапалы кадр даярлау жолындағы сенімді қадамының жарқын көрінісі болды.