«МЕН + СЕН = БІЗ» ӘҢГІМЕ-ДИСКУССИЯСЫ
«DOSBOL LIKE» жобасы аясында 1 курс студенттері — З-9-15, ИНФ-9-15г, ЕТ-9-15г оқу топтары арасында «МЕН + СЕН = БІЗ» тақырыбында мазмұнды әрі тағылымды әңгіме-дискуссия ұйымдастырылды.
Іс-шара студенттер арасында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға, өзара түсіністік пен сенімге негізделген қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ коммуникативтік дағдыларды дамытуға бағытталды. Кездесу барысында тұлғаның қалыптасуындағы қарым-қатынастың маңызы, топ пен ұжымдағы тұлғааралық мәдениеттің рөлі, өзара сыйластық пен жауапкершіліктің қажеттілігі кеңінен сөз болды.
Әңгіме-дискуссияға қатысқан оқытушылар — Жусупова Бота Мәлікқызы, Елемесова Роза Серікқызы, Балмахан Асылзат Тимурқызы студенттерге оқытушы мен студент, студент пен студент арасындағы тұлғааралық қарым-қатынастың негізгі моральдық-этикалық нормалары туралы түсіндіріп, ұжымда бір-бірінің қадір-қасиетін құрметтеу, ішкі жан дүниесіне түсіністікпен қарау, мейірімділік пен сыйластық танытудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, топтағы қарым-қатынас мәдениетінің төмен деңгейде болуы келіспеушілік пен келеңсіз жағдайларға әкелуі мүмкін екендігі нақты мысалдар арқылы талқыланды.
Колледж психологы Асанова Дина Қазыбайқызы «Көңіл-күйді басқару: өз эмоцияңды таны» тақырыбында психологиялық тренинг өткізді. Тренинг барысында студенттер эмоцияларды тану, түсіну және оларды дұрыс басқару жолдарын меңгеріп, түрлі психологиялық жаттығулар арқылы өз көңіл-күйлерін бақылау мен реттеу әдістерін тәжірибе жүзінде үйренді. Қатысушыларға «Көңіл күйіңді көтеріп, қуана біл!» атты көмекші құрал таратылды.
