БІТІРУШІ СТУДЕНТТЕР АШЫҚ ЕСІК КҮНІНДЕ
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «Кәсіби бағдар – сапалы мамандыққа бастар жол» атты ашық есік күні өтті. Ашық есікке Халықаралық «ORDA» жоғары колледжінің бітіруші курс – З-9-13 оқу тобы қатысты.
Іс-шара барысында университеттің құқықтану бағыты бойынша оқытушылары студенттерге мамандықтың мазмұны, оқу үдерісі және құқық саласындағы болашақ мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат ұсынды. Ашық диалог форматындағы кездесу студенттердің кәсіби бағдарын нақтылап, мамандыққа деген қызығушылығын арттыруға зор мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің арнайы пән оқытушысы М. Садыков пен «Құқықтану» мамандығының оқытушысы Мұрат Есенбайұлы криминалистік құрал-жабдықтармен жұмыс істеудің тәсілдерін тәжірибелік түрде көрсетіп, студенттерге дәлелдемелерді зерттеу, іздерді анықтау және криминалистикада қолданылатын заманауи технологиялар жайлы нақты түсінік қалыптастырды.
Бұл тәжірибе алмасу шарасы университет пен «ORDA» ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІ арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін дамытуға бағытталған маңызды қадам болды. Студенттер үшін бұл кездесу кәсіби бағдар алуда үлкен тәжірибе әрі әсерлі білім күні ретінде есте қалды.
