НАШАҚОРЛЫҚТЫҢ ЖӘНЕ ЕСІРТКІНІҢ ЗАҢСЫЗ АЙНАЛЫМЫНЫҢ АЛДЫН АЛУДАҒЫ ПЕДАГОГТЕРДІҢ РӨЛІ
Халықаралық «ORDA» жоғары колледжінде 2025–2026 оқу жылында білім алушылар мен педагогтер арасында нашақорлықтың алдын алу иммунитетін күшейту мақсатында Қызылорда облысының Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен «Нашақорлықтың және есірткінің заңсыз айналымының алдын алудағы педагогтердің ролі» тақырыбында оқыту семинары өткізілді.
Семинарға арнайы шақырылған спикерлер:
Ахмет Темірхан Асқатұлы – Қызылорда облысының Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты;
Жусупбеков Азамат Нурлыбекович – Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі;
Ермаханов Нұртілек Тұрмаханұлы – Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция подполковнигі және колледждің педагогикалық құрамы мен білім алушылары қатысты.
Семинар барысында қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — адам өмірі мен денсаулығына зор қауіп төндіретін есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы жайында кеңінен сөз қозғалды. Құқық қорғау органдарының өкілдері нақты тәжірибелік мысалдар мен құқықтық түсіндірмелер келтіріп, жасөспірімдер арасында есірткінің таралу жолдары мен оның әлеуметтік салдарына тоқталды.
Сонымен қатар, қатысушылармен бірге жасөспірімдердің қылмысқа бару себептері талданды. Сарапшылар бұл құбылыстың түпкі себептерін — отбасындағы осал тәрбие, материалдық тапшылық, жұмыссыздық, баланың бос уақытын дұрыс ұйымдастырмау, ата-ананың бақылаусыз қалдыруы, рухани және психологиялық қолдаудың жетіспеуі сияқты факторлармен байланыстырды. Әрбір себеп нақты өмірлік мысалдармен түсіндіріліп, педагогтердің жастармен жұмыс істеудегі жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, заманауи технологиялар дамыған кезеңде өзекті болып отырған онлайн есірткі саудасы мәселесі көтеріліп, педагогтерге оны анықтау және алдын алу бағытында қолдануға болатын жаңа әдістер мен тәсілдер ұсынылды. Семинар барысында қатысушылар практикалық жаттығулар орындап, нақты жағдайларды модельдеу арқылы тәжірибелік дағдыларын жетілдірді.
