“КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ” ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ШАРАСЫ
Студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, ұйымдасқан топтық қылмыстардың, нашақорлық пен есірткі айналымының, интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында құқық қорғау саласының өкілдерімен ақпараттық-түсіндірме кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараға Қызылорда облысының Полиция департаментінің:
• Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Ахмет Темірхан Асқатұлы,
• Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Жусупбеков Азамат Нұрлыбекұлы,
• Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция подполковнигі Ермаханов Нұртілек Тұрмаханұлы,
сондай-ақ колледж педагогтары мен студенттері қатысты.
Кездесу барысында сала мамандары жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелерге тоқталып, есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы, жеңіл жолмен табыс табуға ұмтылу және интернеттегі алаяқтық әрекеттердің артқанын нақты мысалдармен түсіндірді.
Мамандар жастардың құқықтық жауапкершілігін арттырудың маңызын атап өтіп, нашақорлыққа итермелейтін негізгі факторларды да талдады. Олардың қатарында ата-ананың бақылауының болмауы, отбасындағы дау-жанжал, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, ортаның ықпалы мен еліктеушілік сияқты себептер аталды.
Сонымен бірге жасөспірімдерді зиянды әдеттерден қорғауда отбасындағы дұрыс тәрбие мен ата-ана мен баланың ашық қарым-қатынасының ерекше рөліне назар аударылды. Нашақорлықтың қоғамға тигізер зияны мен заң алдындағы жауапкершілігі жан-жақты түсіндірілді.
Кездесу барысында қатысушыларға интернет алаяқтық пен қаржылық сауаттылық тақырыбында ақпарат беріліп, арнайы бейнероликтер көрсетілді. Білім алушылармен интерактивті сұхбат ұйымдастырылып, олардың сауалдарына нақты жауаптар берілді.
Шара соңында мамандар жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында салааралық бірлескен жұмыстарды жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
