ХАЛЫҚАРАЛЫҚ “ORDA” ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖОБАСЫ БАСТАУ АЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер және оларды шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллекттің қоғам мен білім саласындағы маңызы ерекше атап өтілді.
Осы бағытты жүзеге асыру мақсатында Халықаралық «ORDA» жоғары колледжі мен «eData.kz» ЖШС арасында қызмет көрсету шарты негізінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын оқу-тәрбие процесіне енгізу бойынша бірлескен жоба жұмыстары басталды.
Аталған бастама аясында 16 қыркүйек 2025 жылы колледж директорының оқу-әдістемелік орынбасары Г.Д. Тәжіковның ұйымдастыруымен колледж қызметкерлері және «eData.kz» ЖШС мамандарының қатысуымен «Білім беруде жасанды интеллекттің құралдарын қолдану» тақырыбында тренинг өткізілді.
Жиында жасанды интеллект арқылы цифрлық жобалық кеңсені басқарудың мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылды, оның ішінде:
Корпоративті домен құру;
Цифрлық тапсырма тақтасы арқылы жұмыс үдерістерін жоспарлау, тағайындау және бақылау;
Цифрлық күнтізбе негізінде уақытты тиімді басқару және қызметкерлердің жұмыс жүктемесін қадағалау;
Корпоративтік коммуникация құралдары (электронды пошта, чат, бейнеконференция): бір мезетте 250 адамға дейін байланыс орнату, ал онлайн трансляция арқылы 100 000 қатысушыға дейін қамту мүмкіндігі;
Білім беру ұйымдары арасында есептілікті автоматтандыру;
Құжат айналымын жасанды интеллектпен басқару (электронды кестелер, презентациялар, сауалнамалар құру және жетілдіру).
Бұл жоба колледждің оқу-тәрбие процесін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, білім беру саласында заманауи цифрлық экожүйе қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба болып табылады.
Жаңалыққа жаны құмар колледж ұжымына сәттілік тілейміз!
