ЖАТАҚХАНА ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Халықаралық "ORDA" жоғары колледжінің жатақханасында студенттер арасында түнгі тәртіпті қадағалаушы Абдукамалова Нұргүл Оразбайқызының ұйымдастыруымен профилактикалық кездесу өтті.
Кездесуге Қызылорда қаласы Жергілікті полиция қызметінің кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары – полиция капитаны Жанділдаев Нұрбек Ералыұлы және полиция лейтенанты Жақсылықов Ерсұлтан Ерболұлы қатысты.
Іс-шара барысында «Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың және құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбы кеңінен түсіндірілді. Студенттерге қазіргі таңда жасөспірімдер арасында жиі кездесетін келеңсіз жағдайлар туралы айтылып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік және Қылмыстық кодексіндегі тиісті баптар таныстырылды.
Сонымен қатар кәмелеттік жасқа толмағандардың жауапкершілігі, құқық бұзушылықтың (буллинг, тонау, ұрлық, бопсалау, зорлық-зомбылық, топтық төбелес және т.б.) салдары нақты мысалдармен түсіндірілді. Әкімшілік-қылмыстық жауаптылықтың түрлері, сондай-ақ түнгі беймезгіл уақытта кәмелеттік жасқа толмағандардың заңды өкілінсіз ойын-сауық мекемелерінде немесе қоғамдық орындарда жүруіне қатысты заң талаптары түсіндірілді.
Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен жан-жақты әрі толыққанды жауап алды.
Кездесу жастардың құқықтық сауатын арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алуға септігін тигізері анық
